Астаналық полицейлер 90 адамның қатысуы ықтимал топтасқан төбелестің алдын алды

АСТАНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада өткізіліп жатқан «Барыс» шұғыл іздестіру және алдын алу шараларының нәтижесінде 90 адамның қатысуымен жоспарланған топтасқан төбелестің алды алынды.

Астаналық полицейлер 90 адамның қатысуы ықтимал топтасқан төбелестің алдын алды

 Бұл туралы бүгін өткен брифингте Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары Арман Оразалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Барыс» алдын алу іс-шарасы ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және жол полициясы басқармаларының, сондай-ақ «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлерімен өткізілуде.

 «Оның барысында азаматтардан 46 таяқша, 3 жалған куәлік, «Оса» және «Стражник» үлгісіндегі 12 зақымдаушы тапанша мен 2 Макаров тапаншасы тәркіленді. Полиция қызметкерлерінің көмегімен 7 топтасқан төбелес тоқтатылды, олардың бірінде 90 адамның қатысуы жоспарланған»,  деп атап өтті ол.

 А.Оразалиевтің айтуынша, ірі төбелеске қатыспақ болғандардың басым бөлігі жастар. Қазір қақтығыстың себептері анықталуда.