Астаналық полицейлер қалаға кіре берісте ірі көлемде есірткі тәркіледі
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Астаналық полицейлер қалаға кіре берісте 5 келіден астам есірткі затын тәркіледі.
Бұл туралы astana.kz сайтына Ішкі істер департаментінен хабарлады.
«Тексеру барысында Жамбыл және Ақмола облыстарының екі тұрғыны ұсталды. Қызметтік іздеу иті көліктің жүксалғышынан 5 келіден астам марихуана тапты. Сонымен қатар, салоннан күдікті зат оралған түйіншек табылды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, бұл жалпы салмағы 73 грамм гашиш болып шықты», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, елордалық полицейлер есірткінің ірі көлемін үстіміздегі жылдың 18 қаңтарында Қызылжар бөгеу бекетінде «Астана - есірткісіз қала» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында анықтады.
Ведомствоның хабарлауынша, өткен жылы полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 193 қылмыстық іс қозғады, соның ішінде 121 адам есірткі сатумен айналысқан. 275 келіден астам түрлі есірткі заттары заңсыз айналымнан шығарылды, соның ішінде 22 келісі героин, 252 келіден астамы марихуана және 2 келіге жуығы гашиш.