Астаналық полицейлер «Президенттік миль» жарысына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 200-ден астам елордалық полиция қызметкері Тұңғыш Президент күніне арналған «Президенттік миля» дәстүрлі көпшілік жүгіру жарысына қатысты, деп хабарлады Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Астаналық полицейлер «Президенттік миль» жарысына қатысты

Жарыс «Қазақ Елі» монументінен бастау алды. Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровтың бастамасымен ІІД барлық бөліністерінің полиция қызметкерлері спорттық киім үлгісінде 2400 метр қашықтыққа есептелген қала көшелерінде жүгіріп өтті.

Жарыс соңы «Қазақ елі» монументінде аяқталды. «Президенттік миль» жүгіру жарысының қатысушыларының айтуынша, жылдан-жылға аталмыш шараға қатысуға ниет білдіретін полицейлердің қатары көбейіп отыр. Бұл шара елордалық полиция қызметкерлерінің дене сергектігі дайындықтарының жоғары деңгейде екендігін байқатты.

Оның ұйымдастырушылары шараға мерекелік рең беретін әуенді ойнатса, полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінен құралған қолдаушылар сайысқа түскен сақшыларды жарыстың басынан аяғына дейін демеп отырды.

Қызу дода мәресіне жетісімен, сақшылар Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, барлығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Астаналық Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры А. Әубәкіров атап өткендей: «Мемлекеттік мереке қарсаңында полиция қызметкерлері, әдетегідей, жаппай спорт шараларын өткізеді. Бұл мереке - ерекше. Тұңғыш Мемлекет басшысының есімі еліміздің қуатты ел болып қалыптасуымен тығыз байланысты. Оның салиқалы саясатының арқасында экономикалық жүйе мен әлеуметтік жаңарту жақсара түсіп, халықтың әл-ауқаты оңалды».

Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесін тойлау тәуелсіз еліміздегі бірліктің артуына, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған мақсаттар мен мұраттарға жетуге, патриоттық сезімді күшейтуге септігін тигізеді.

Спорттық шара соңында полиция қызметкерлері үш мәрте «Ура!» деген ұранмен баршаны жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.