Астаналық полиция көлік тонамақ болған қылмыскерді құрықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасы көмегімен елордалық полиция қызметкерлері "Газель" автокөлігін тонамақ болған азаматты құрықтады. Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен хабарланды.
«7 қазан күні Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жедел басқару орталығының операторы шамамен түнгі сағат 12 кезінде Бараев көшесінің ауласында тұрған "Газель" автокөлігін ашпақ болған күдікті ер адамды байқап қалған. Мекенжай бойынша жол-патрульдік полициясының экипажы оқиға орнына жетіп, қылмыс жасаған 32 жастағы ер адамның үстінен түскен. Күдікті дереу қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген баспасөз баянында.
Тоқтала кететін жайт, жыл басынан бейнебақылау жүйесі арқылы жедел басқару орталығының қызметкерлері 263 қылмыстың бетін ашқан. Соның 35 мыңнан астамы әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты болып отыр.