Астаналық полиция қызметкері күдіктіні құрықтау кезінде ауыр жарақат алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада полиция қызметкері есірткі таратумен айналысқан күдіктіні ұстау кезінде ауыр жарақат алды, деп хабарлады елорданың ІІД баспасөз қызметінен.
«Астаналық полиция қызметкері есірткі заттарын сақтау және таратумен айналысқан күдіктіні қолға түсірген кезде ауыр дене жарақаттарын алды», - делінген хабарламада.
Сарыарқа аудандық ІІБ-ға есірткіні сақтаумен және таратумен айналысып жүрген адам жайында жедел ақпарат келіп түсті. Аталмыш азамат ұсталған кезінде полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Ол автокөлігімен полицейді қасақана қағып кетіп, ізін суытпақ болған.
Соңына түскен полицейлер 27 жастағы ер адамды ұстады. Тінту барысында күдіктінің әмиянынан есірткі салынған 6 полиэтилен пакет табылған. Бұдан басқа, оның үйінен де есірткі заттары табылды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. ҚР ҚК 321-бабы (билік өкіліне қатысты күш қолдану), 259-1-бабы (есірткі заттарын дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту) бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.