Астаналық полиция қызметкерлері контрафактілік үн-бейне таспаларды дайындап, сатушылармен күресті жалғастыруда
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сәуірдің 6-10 аралығында өткен «Шекара-контрафакт» жедел алдын-алу шарасы барысында Астанада аудио-визуалды өнімдерді заңсыз сатып келген 29 азамат анықталды.
Олардан 25 порнографиялық мазмұндағы фильм және 5209 дана контрафактілік DVD дискілері тәркіленді. Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте қалалық ІІД Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, өткізілген шараның мақсаты ? заңсыз үн-бейне таспаларды дайындап, таратушыларды анықтау, экстремизм, лаңкестік, порнография сынды жат қылықтарға тәрбиелейтін өнімдердің көзін жою болып табылады. Шара барысында Катченко көшесінде орналасқан үйлердің бірінен үн-бейне таспалар заңсыз дайындалып келген жасырын цех анықталды. Құқық қорғаушылар цехтан 1465 дана DVD дискіні, 233 таза бейне табақ пен 3500 дискінің сыртқы қорабын тапты. «Лицензиясыз дискілерді дайындау және тарату тәсілі жалдамалы үйде, арнайы компьютер жабдықтарының көмегімен іске асқан. А. есімді күдікті тәулік бойында 100-150 данадан артық контрафактілік дискілерді шығарып, таратып отырған», - деді ол. «Кәсіпкер» бұған дейін де осындай әрекеті үшін бірнеше рет жауапқа тартылған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері «Қызыл жар» бекетінде жалпы сомасы 250 мың теңгенің 500 DVD дискісін қалаға алып кірмек болған Ш.есімді азаматты құрықтады. Ақпараттық технологиялар саласында бес күннің ішінде барлығы 28 заңбұзушылық факті анықталды, оның 26-сы авторлық құқықтарды бұзу, екеуі порнографиялық өнімдерді тарату фактілері. Астана қалалық Ішкі істер департаменті зияткерлік меншік құқығын бұзғаны үшін, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша мүлікті тәркілеумен қатар, 2 жылдан 5 жылға, ал порнографиялық өнімдерді заңсыз сатқаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін жаза қолданылатынын ескертеді.