Астаналық прокурорлар қаладағы білім беру мекемелеріндегі балалардың денсаулықтарына алаңдаушылық білдіріп отыр
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық прокуратурасының қызметкерлері елорда мектептеріндегі балалардың ауру-сырқауға шалдығуы жиілеп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қалалық прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық салалардағы заңнамаларды қадағалау басқармасының прокуроры Амантай Бәжеевтің сөзіне қарағанда, денсаулығында мін жоқ балалар саны елордада күннен күнге азайып барады. Бұны осы сала бойынша арнайы жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындылары да растап отыр. Айталық 1-ші және 4-ші сынып оқушылары арасында созылмалы дерттер жиі кездесетін болса, 11 сыныпқа қарай ауру балалар саны арта түседі. Бұдан мектеп оқушылары білім беру үдерісіндегі қосымша жүктемелерге үйрене алмай жатқандығын көруге болады. «Яғни оқу барысындағы қосымша жүктелемелер олардың денсаулықтарына кері әсерін тигізіп отыр. Нәтижесінде, Астана қазір оқушылардың ауру-сырқауға шалдығуы жағынан республикада алдыңғы орындардың бірінде», деді прокурор.
Оның қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйене отырып келтірген дәйектеріне қарағанда, мектепке дейінгі балалардың әрбір төртіншісінің, мектеп оқушыларының әрбір үшіншісінің, ал жасөспірімдердің әрбір екіншісінің денсаулығы нашар.
Мамандардың қорытындыларына қарағанда, балалардың арасында аурудың көп тарауы негізінен тұрғындар мен оқушылардың санитарлық-гигиеналық талаптарды білмеуіне байланысты болып отыр. Нақтырақ айтқанда, мектепте гигиеналық талаптар толығымен қадағаланбайды және сабақ барысында оқушылардың психологиялық жағдайлары назарға алынбайды. Ал оқушылар меңгерулері тиіс көптеген пәндер олардың күрделілігіне қарай реттелуі тиіс. Сондай-ақ сабақ барысында дене жаттығуларын орындап тұру сияқты шаралар қолға алынбаған.
«Қорыта айтқанда, мектептерде оқушылардың денсаулықтарын қалыпқа келтіріп, нығайту бағытында жүйелі шаралар жоқтың қасы. Жалпыға бірдей білім беру орындарында оқушылардың денсаулықтарына кері әсерін тигізіп отырған өзге де факторлар бар. Олар негізінен мектептердегі балалар санының шектен тыс көп болуы, олардың қажетті спорттық құрылғылар мен құрал-жабдықтармен
толық көлемде қамтылмауы, оқушылардың сабақ арасында тамақтануларына жеткілікті көлемде уақыттың бөлінбеуі, асханалардағы орындардың жетіспеушілігімен байланысты, деді Амантай Бәжеев.