Астаналық репродуктолог Ақтаудағы сәби сүйе алмай жүрген 300 жұпқа кеңес берді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бірнеше күн ішінде астаналық дәрігерлер Ақтаудағы сәби сүйе алмай жүрген 300 жұпқа ақыл-кеңес берді. Келушілер арасында бұрын астаналық орталыққа келген пациенттер де бар.
«Біз оларға ем қабылдаудың дұрыс тәсілін үйреттік, нәтижесінде көптеген ақтаулық келіншектер экстракорпоралдық ұрықтандыру көмегінсіз өз күшімен бала көтере алды және кейбір пациенттер бірнеше баланы өмірге әкелді. Біз әйелдің бала туу мүмкіндігі бар жылдарын жоғалтпауға тырысамыз. Аймақ тұрғындарының көпшілігі Астанаға келіп тексеріліп, уақыты мен ақшасын құртады, ЭКО-ға дайындалады. Ал мен көп әйелге сауатты диагностика, консервативтік ем, гормоналды түзету, аналық жасушаны жетілдірудің жеткілікті екенін өз тәжірибемнен білемін.
ЭКО қызметі кез келген уақытта барлық әйелге бірдей көрсетілмейді. Сондықтан, түрлі аймақтағы әйелдерге барып көмектесу керек. Болашақта Атырау мен Ақтау филиалдарының негізінде экстракорпоралдық ұрықтандыру жасалады», - деді биология ғылымдарының докторы, доцент, «Экомед» ұрпақ өрбіту орталығының директоры Салтанат Байқошқарова.
Маңғыстауда ЭКО әдісімен мыңға жуық сәби дүниеге келген. ҚР бойынша, 12 мың шамасында.
Енді балалы болғысы келген жұптар Ақтау қаласында ашылған орталық филиалы арқылы тексеріліп, ем қабылдай алады. Және ең бастысы, онда Астанада білім алған білікті дәрігерлер жұмыс істейтін болады.