Астаналық самбошы қыз Қазақстан чемпионы болды

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Астаналық самбошы қыз Әйгерім Мақажан Қазақстан чемпионы атанды. Бұл туралы елорданың Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.

Астаналық самбошы қыз Қазақстан чемпионы болды

11-13 наурыз аралығында Атырау қаласында жасөспірімдер мен бойжеткендер арасында самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарыста елдің барлық өңірлерінен келген спортшылар бақ таластырды.

Астана қаласының намысын бұл додада «Астана батыры» жекпе-жек клубының, Олимпиада резервін даярлау қалалық орталығы мен Астананың жоғары спорттық шеберлік мектебінің самбошылары қорғады.

Жарыста Астана қаласының самбошы қыздары еселі өнер көрсете алды. Нәтижесінде 60 келіге дейінгі санатта сынға түскен Әйгерім Мақажан Қазақстан чемпионы атанды. Ал Еңлік Мұсырман мен Ажар Кеңпейіл қоржынға бір-бір қола медальдан салды.

Айта кетейік, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты алдағы сәуір айының 1-3 күндері Жезқазған қаласында өтеді.