Астаналық сарбаз гитарамен Абайдың әнін орындады

 АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан Абай Құнанбайұлының ескерткіші алдында ақынның 172 жылдығына орай салтанатты шара болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астаналық сарбаз гитарамен Абайдың әнін орындады

Елордалықтар үшін Абай ескерткіші алдындағы дәстүрлі шараны Астана қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекциясы өткізді. Ақынын ұлықтаған астаналықтардың алдында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қияқбай Асамбаев Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» пен «Көзімнің қарасы» әндерін орындады. Жанды дауыстағы «құлақтан кіріп бойды алар» әсем әннің орындаушысы көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бұдан кейін Астана қаласы әкімдігінің қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік-медициналық мекемесінің қарттары Абайдың орыс тіліне аударылған өлеңдерін оқыды.
null null null 

Шараға ҚР мемлекеттік күзет қызметіне қарасты 0112, ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскерилері де қатысты. Абай мұрасынан сарбаздар да кенде емес екен. Ортаға шығып ақынның өлеңін жатқа айтып, әндерін әуелете орындаған сарбаздар шара көркін қыздыра түсті. Әсіресе, Асқар Базарбайдың гитарамен орындаған «Көзімнің қарасы» әні жиналған жұртшылықтың зор ықыласына ие болды.
 null null 

«Қарағанды облысының Майқұдық өңірінен келіп отырмын. 7 жасымнан бастап ән айтамын. Шыны керек, бұрын гитарамен Абайдың әндерін орындап көрмеппін. Ендігі кезекте, Абайдың өзге де әндерін гитараға салып, орындасам ба деймін», - дейді Асқар Базарбай.

Шара барысында №60 мектеп-лицейінің оқушылары Абай өлеңдерін оқып, көпшілік жылы әсермен тарқасты.

null null null