Астаналық саябақ алғаш рет қыста жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық саябақта алғаш рет елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған ойын-сауықтар мен қысқы демалыс ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.
None
None

Астаналық саябақ - қаладағы ең ескі және тұрғындардың сүйікті орындарының бірі. Сол себепті, мұнда қызықты демалысты ұнататындар үшін үлкен мұз айдыны, биік сырғанақ пен «Bubble tab» қысқы аттракционы жасалды. Балалардың жүрегін жаулап үлгерген аттракцион алғаш рет былтыр ашылған болатын.

«Саябақтағы сырғанақтың биіктігі - 4 метр, ал сырғанау жолы 50 метрден асады. Мұз айдынының көлемі - 600 шаршы метр, айналасында ағаштар бар, кешкі және түнгі уақытта жарық беріліп, керемет романтикалық атмосфера сыйлайды», - деп мәлім етті қалалық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы.

Астаналық саябақтың басты артықшылығы - үлкен ағаштар, бұл қаладан тыс демалыс сезімін береді, сондай-ақ желден қорғайды. Нәтижесінде мұз айдынын жайлы әрі ыңғайлы етеді.

Мұз айдыны мен сырғанақ - келушілер үшін тегін. Сонымен қоса, коньки, тюбинг және шананы жалға беру орны, стационарлық дәмхана мен мейрамхана жұмыс істейді. Астаналық саябақ елорда тұрғындары мен қонақтарын асыға күтеді.

Соңғы жаңалықтар