Астаналық студент Естай Беркімбаев атындағы республикалық ән байқауының жеңімпазы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда өткен Естай Беркімбаев атындағы бесінші республикалық ән байқауының бас жүлдесін астаналық Өзгеріс Шерікбай жеңіп алды.
Дәстүрлі ән өнері өкілдерінің басын қосқан өнер бәйгесі облыс әкімінің қолдауымен және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.
"Шаңырақ" облыстық халық шығармашылығы орталығы мамандарының айтуынша, байқауға еліміздің әр түкпірінен 30-дай жас әнші қатысып, қазақтың дәстүрлі өнер мектебінің қандай деңгейде екенін тағы бір мәрте паш етті. - Қатысушылар Естай әндерін шырқаумен ғана шектелген жоқ. Сонымен бірге ұлттық өнер саңлақтары Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, Мұхит, Майра әндері мен қазақтың халық әндерін де нақышына келтіре орындады. Үш күнге созылған өнер бәйгесі Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды. Өнерпаздар Естай ауылындағы Естай кесенесінің басына барып, бабамыздың рухына тағзым етті, - дейді Аманкелді Әбдіқадырұлы.
Байқау қорытындысы бойынша, астаналық жас өнерпаз Өзгеріс Шерікбай бас жүлдені қанжығаласа, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Олжас Сұрағанов бірінші орынды еншіледі. Ал елорданың тағы бір әншісі Асқар Мұқият, Абай жерінен келген Таңат Мұқашев екінші және алматылық қос әнші Нұрболат Исаев, Нұрбол Мұхит, елордалық Аяулым Қамажан үшінші орынды қанағат тұтты.