Астаналық студенттер телекоммуникация, байланыс және ІТ саласы бойынша атаулы шәкіртақыға ие болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында Телекоммуникация, байланыс және ақпараттық технологиялар саласы бойынша бірнеше студентке атаулы шәкірақы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астаналық студенттер телекоммуникация, байланыс және ІТ саласы бойынша атаулы шәкіртақыға ие болды

Атаулы шәкіртақыға ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Досым Сүлеев, мемлекет және қоғам қайраткері Сәбит Байжанов, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мейірбек Молдабекұлы және мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіразақ Елібаев есімі берілді.

«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына орай біз студенттер арасында ауқымды байқау өткіздік. Телекоммуникация, байланыс және ақпараттық технологиялар саласына айтулы еңбек сіңірген мемлекеттік қайраткерлер, ағартушы ғалымдардың құрметіне арналды. Жеңізпаз студенттерге стипендия тағайындау шешімі қабылданды. Байқауда барлығы 120 студент бақ сынады. Студенттердің жұмысына 150 мыңға жуық адам дауыс берді»,- деді Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмардан Сейілов стипендия иегерлерін құттықтай отырып.

Оның айтуынша, аталған шәкіртақы алдағы уақытта жыл сайын тағайындалады.

«Біздің факультетте «ІТ таланттар» атты қор бар. Сол қордың есебінен телекоммуникация, байланыс және ақпараттық технологиялар саласы бойынша үздік студенттерді таңдап алдық. Оларға қойылған талап жоғары. ІТ саласынан бөлек, ағылшын тілін жетік білуі тиіс. Сондай-ақ, студенттер эссе жазды. Бүгін соның ішінен жүзден жүйрік шыққан 4 студентке атаулы шәкіртақы бөліп, марапаттап отырмыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, атаулы шәкіртақыны жеңіп алған Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері Жансая Мырзағұл, Әділет Смайлов, Ділдәр Абылбек және Жасұлан Мұратбекке шәкіртақы сертификаты табыс етілді.