Астаналық тәртіп сақшылары бейнебақылау жүйесінің көмегімен қылмыстың алдын алды

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Астаналық тәртіп сақшылары бейнебақылау жүйесінің көмегімен қаладағы ескерткіштерді бөлшектеп, түрлі-түсті металлдарға өткізіп жүрген қылмыскерлерді ұстады.

Астаналық тәртіп сақшылары бейнебақылау жүйесінің көмегімен қылмыстың алдын алды

Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен болған брифингте «Есіл» аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Мәди Олжабаев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, оқиға 16 ақпан күні елордадағы «Арай» саябағында түнгі сағат 2.40 шамасында орын алды. Жедел басқару орталығының бейнебақылау операторы саябақ маңынан екі күдікті азаматты байқап қалып, ол жерге «Тобыл-13» шолғыншы полиция жасағын жібереді. Полиция қызметкерлері 1988 жылы туған Е. және 1991 жылғы Б. есімді Ақмола және Жамбыл облыстарының жұмыссыз тұрғындарын ұстап, оларды тінту барысында темір кесуге арналған қайшыны тапты.

Тексеру барысында мәлім болғанындай, ұрылар саябаққа кіреберісте орналасқан композицияның бөлшектерін кескен.

«Сонымен қатар бұл ұсталған азаматтардың алғашқы ұрлықтары емес екендігі анықталып отыр. Олар түнгі уақытта «Арай» саябағына келіп, ескерткіштердің бөлшектерін кесіп алып кетіп жүрген. Кесілген металл бөлшектерін олар таксиге тиеп, металл қабылдайтын орындарға өткізіп отырған. Қазіргі таңда осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке келген шығын көлемі анықталуда. Сонымен қатар ұсталған азаматтардың металл бөлшектерін қайда өткізгендіктері де тексерілуде. Бұл факт бойынша Қылмыстық Кодекстің 175 бабының 3-інші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр.