Астаналық тәртіп сақшылары көлікпен байланысты тіркеу қызметтерінің жаңа үлгісімен таныстырды

АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер органдарының Жол полициясы қызметі Үкіметтің 2009 жылдың қазан айының 26-сындағы қаулысына сәйкес, тіркеу қызметіне бірқатар өзгерістер енгізді.

Астаналық тәртіп сақшылары көлікпен байланысты тіркеу қызметтерінің жаңа үлгісімен таныстырды

 Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Астана қалалық Ішкі істер департаментінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қалалық Ішкі істер департаментінің Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораздың сөзіне қарағанда, енді сенімхаттарды тіркеу уақыты тиісті құжаттар өткізілгеннен кейін 1 сағаттан аспайтын болады. Ал қажетті құжаттарды өткізу үшін азаматтар кезекте 20 минуттан көп тұрмайды. Сондай-ақ қажетті құжатты алу үшін де шығындалатын уақыт 20 минтуттан аспайды. Сенімхаттарды тіркеу бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет 6 күн қатарынан және таңғы 9-00-ден кешкі 18-30-ға дейін созылады. Азаматтарды қабылдау алдын ала жазылу арқылы емес, кезекпен жүзеге асады. «Сондай-ақ жүргізуші куәлігін беру уақыты да тиісті құжаттар өткізілгеннен кейін 6 сағаттан аспайды. Оған қажетті құжаттарды өткізу үшін кезекте тұруға кететін уақыт 40 минут шамасында. Ал құжаттарды небәрі 30 минуттың ішінде алуға болады», деді бөлім бастығы.

 Сондай-ақ оның айтуынша, көліктің тіркеу нөмірлерін беру мерзімі де жеңілдетілген. Азаматтар құжаттарын толық тапсырған жағдайда айналасы 6 сағаттың ішінде көліктің нөмірін алып шыға алады. Бұған қажетті құжат тапсыруға кететін уақыт 40 минуттан аспайды. Құжат тапсырылысымен қызмет көрсетіп отырған инспектор құжаттарды қабылдағандығы жөнінде арнайы талон береді.