Астаналық тәртіп сақшылары желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 4-і аралығында күшейтілген қызметке кіріседі

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Батырлан Есенбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қаладағы тәртіпті нығайтуға 1 мың 500 тәртіп сақшысы мен 200 автокөлік және 110 әскери қызметкерлер мен қоғам өкілдері тартылған. Адамдар көп жиналатын орындар мен мерекелік шаралар ұйымдастырылатын жерлерде полиция кезекшіліктері нығайтылып, олар кезекшілікті күндіз-түні жүргізеді. «Осы уақытта барлық көңіл көтеретін орындарда ұжымдық мерекелік шаралар ұйымдастырыла бастады. Осыған қарай қалада тағы қосымша 42 бағыт назарға алынды. Ал шаһарда орын алуы ықтимал құқық бұзушылықтар мен заң бұзушылықтарға дер кезінде шара қолдану үшін аудандық ішкі істер басқармаларында қосымша жедел-тергеу топтары құрылды. Сондай-ақ жаңа жылдық мерекелер ұйымдастырылып жатқан мектептердегі тәртіпке де барынша көңіл бөлініп отыр. Онда мектеп инспекторлары мен тәртіп сақшыларынан арнайы кезекшілік ұйымдастырылып, мерекелік шараның ұйымдастырылуы бақылауға алынды», деді басқарма бастығы.