Астаналық тұрғын Солтүстік Қазақстан облысындағы ұялы телефон сататын дүкендердің бірін тонамақ болды
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандардың біріндегі ұялы телефон сататын дүкендердің біріне қарулы шабуыл жасаған Астана қаласының 21 жасар тұрғыны ұсталды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, ұсталған азамат еш жерде жұмыс істемейтін болып шықты. Ол қаңтардың 30-ы күні Булаев ауданының орталығында орналасқан ұялы телефон сататын дүкенге кіріп, сатушыдан ең қымбат телефондарды көрсетуін сұраған. Бұдан соң ол сатушымен телефондардың бірін алатын болып келісіп, ақшаның орнына шолақ мылтық шығарып, сатушыны атып тастаған. «Қарақшы бұрын осы ауданда тұрған екен. Ол тәртіп сақшыларының қолына түскеннен кейін, мұндай әрекетке өзінің Астана қаласындағы көлік тұрағында жұмыс істеп жүрген кезінде қарызданып қалған берешектерін қайтару мақсатында барғандығын айтты. Қазіргі таңда оның республика аймағындағы өзге де ауыр қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», деді департамент бастығы.