Астаналық турист Гонконгта дауыс берген алғашқы сайлаушы болды (ФОТО)
БЕЙЖІҢ-ГОНКОНГ. ҚазАқпарат - Жергілікті уақытпен сағат 07:30-да Қазақстанның Гонконгтағы Бас консулдығы жанындағы №243 сайлау учаскесінде бірінші болып Астана тұрғыны Әлия Махамбетова дауыс берді.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы аталған сайлау учаскесінің төрағасы, ҚР Гонконгтағы Бас консулдығының екінші хатшысы Арман Ахметов мәлім етті.
«Ол Гуандун провинциясы Гуанчжоу қаласынан арнайы дауыс беру үшін келген. Сайлауға бірнеше күн қалғанда ол консулдыққа телефон шалған болатын. Бүгін осы жерге келіп, есептен шығарылғаны туралы талонын көрсетіп, оны тізімге қостық», - деді ол.
Дипломаттың сөзіне қарағанда, Сянган (Гонконг) Арнайы әкімшілік ауданындағы 70% астам қазақстандық сайлаушы - кәсіпкерлер, қазақстандық компаниялардың өкілдері және туристер, шамамен 20% - студенттер. «Жаңа ғана Алматы-Гонконг рейсімен ұшып келген «Эйр Астана» ұшағының экипажы - екі капитан және борт серіктері дауыс берді. Бүгін көптеген туристер қоңырау шалып, келетіндері туралы хабарлады», - деді ол.