Астаналық ТЖ департаменті тұрғындарды абай болуға шақырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы ТЖ департаменті ауа температурасының төмендеуіне байланысты қала суайдындарында мұз қатып жатқанын ескертеді. Мұз қауіпсіз болу үшін кемінде 2 апта уақыт өтуі керек, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.
Ол қажетті қалыңдыққа жетуі, яғни бір адам үшін - 7 см кем емес, бір топ адам үшін - 12-15 см, жеңіл көлік үшін - 25 см, жүк көлігі үшін - 40 см, трактор үшін - 70 см болуы тиіс.
«Мұз қатуы кезеңінде қайғылы жайттар орын алады. Бұның басты себебі - су айдындарында сақтық шараларын қолданбау», делінген хабарламада.
Сақтық шаралары ретінде дұрыс қатпаған, жұқа мұзға шығуға, жарылған мұзға, шұқанаққа, ойықтарға жақындауға болмайтыны, күзгі мұздың үстінде топ болып жиналудың, көлік құралдарымен судың бетіне шығудың, қараңғы түсіп, айнала дұрыс көрінбеген жағдайда мұз бетіне шығу қауіптілігі ескертіледі. «Есте сақтаңыздар, мұз қатуы кезеңінде қайғылы жайттар көбінесе балалардың қатысуымен болады. Балалардың өз беттерімен өзенге бармауларын қадағалаңыздар!», делінген хабарламада.