Астаналық университетте дәстүрлі спартакиада жаппай жүгірумен мәреге жетті
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқу орнының 55 жылдығына арналған «Сергектік және денсаулық» дәстүрлі спартакиадасы мәресіне жетті. Бұл туралы ЖОО-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.
Университет пен оның жанындағы колледждің оқытушылары мен қызметкерлері арасындағы спартакиада биыл баскетбол (әйелдер арасында), шағын футбол (ерлер арасында), волейбол (әйелдер, ерлер), шахмат, үстел теннисі, шаңғы жарысы және жазғы Президенттік сынақтар бойынша өтті.
Үстіміздегі жылдың 9 қаңтарында басталып, 12 маусым күні жазғы Президенттік сынақтар жарысымен мәресіне жеткен спартакиадаға барлығы 505 адам қатысты.
Жас ерекшеліктері бойынша орта қашықтыққа жүгіруден университет пен колледждің 91 оқытушысы мен қызметкері бақтарын сынады.
Спорттың 8 түрі бойынша өткізілген спартакиаданың нәтижесінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынды әкімшілік-шаруашылық бөлімінің командасы жеңіп алды. Екінші орын компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультетінің, үшінші орын экономикалық факультеттің командаларына бұйырды.