18:10, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
«Астаналық» велошабандоз Италиядағы жарыста жарақат алып қалды
АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Велоспорттан Италияда өтіп жатқан Тиррено - Адриатико жарысының екінші кезеңінде «Астана» велоклубының шабандозы Яни Брайкович жарақат алып қалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Астана» велоклубының сапында өнер көрсететін словениялық бұл спортшы жарыс кезінде жерге басымен құлап, миы шайқалған болатын. Осыған байланысты сайысты ерте аяқтауға мәжбүр болған оған, мамандардың айтуынша, ең кемінде 3 күн тынығуы керек. Тек содан кейін ғана жаттығуды қайта жалғастыра алады. Яни Брайковичтың келесі жарысы наурыздың 28-29 күндері өтетін Халықаралық критериум бәсекесі болмақ. Жалпы, Италиядағы бұл жарыстың аталмыш кезеңінде Марина ди Каррарада «астаналық» тағы бір шабандоз Андреас Клоден екі рет құлап, иығы мен шынтағының терісін сыдырып алған еді. Дегенмен, жарақаты жеңіл болғандықтан ол жарысты жалғастыра алды.