Астаналық велошабандоздар Түркия турында бақ сынауда
АЛМАТЫ. 23 сәуір. ҚазАқпарат -«Астана» велоклубы кеше Аланияда жалауы көтерілген 48-ші Түркия туры додасына қатысуда.
Жексенбіге дейін созылатын көпкүндік бәсекеде қазақстандық кәсіпқой велоклубтың намысын Александр Шеффердің жетекшілігімен 8 спортшы қорғауда. Олар қазақстандық Александр Винокуров, Асан Базаев, Александр Дьяченко, Дмитрий Груздев, Валентин Иглинский, Евгений Непомнящий, Андрей Зейц және италияндық Якопо Гуарниери.
Аланияда басталған дүбірлі доданың алғашқы кезеңі 135 шақырымға созылды. Онда 16 командадан сайысқа түскен 161 спортшының арасында астаналықтардан ешкім үздік үштіктің қатарынан көрінген жоқ. Бүгін Алания мен Анталья арасындағы 153 шақырымдық екінші кезең өтіп жатыр.
Астаналықтардың өзге командалас серіктері ертең Швейцариядағы 66-шы Романдия Турына қатысады. Ол жарыс 29 сәуірге дейін созылмақ. Джузеппе Мартинелли мен Гуидо Бонтемпи - Роман Кройцигер, Яни Брайкович, Андрей Гривко, Андрей Кашечкин, Фредрик Кессякофф, Евгений Петров, Кевин Зельдреерс пен Паоло Тиралонго сенім артпақ.