"Астаналық" велосипедшілер Польша турына қатысады
АЛМАТЫ. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тамыздың 2-8 күндері велоспорттан Польша туры жарысы өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат "Астана" клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның "Астана" кәсіпқой велоклубының спортшылары жақында ғана аяқталған әйгілі "Тур де Франс" жарысында командалық есепте де, жекелей сында да үздік шыққан болатын. Польша туры Франциядағы дүбірлі додадан кейінгі "астаналық" спортшылар сайысқа түсіп жатқан екінші байрақты бәсеке болмақ. Онда клуб намысын Асан Базаев, Александр Дьяченко, АндрейЗейц, Максим Иглинский, Михаэль Шор, РоманКиреев, СергейРенев пен Томас Вайткус қорғайды. Оларға спорт директорларынан Александр Шефер басшылық жасағалы отыр. Қазіргі таңда оның серігі Алан Голопиннің жетекшілігімен АймарСубельдиа, Берік Көпешов, ВалерийДмитриев, Даниэль Наварро, Стив Морабито, Яни Брайкович, ХесусЭрнандес пен Хосе Луис Рубьера Испаниядағы "Классика Сан-Себастьян" көпкүндігінде бақ сынап жатыр. Жалпы бүгінгі таңда «Астана» клубының қоржынында 25 жеңіс бар. Оның ең соңғысын Альберто Контадор шілденің 26-сы күні Франция турының негізгі жіктелімінде жеңіп алған болатын.