Астаналық волонтерлер 5 мың текше метр қар күреді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда волонтерлерге арналған тимбилдинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұндай жиындап аптасына екі рет өтіп тұрады. Мұнда балалар бапкер-волонтерлермен бірге жұмыс істейді. Бұл еріктілер кезінде Арысқа барып ерікті жұмыс істеген. Шет елдерде ерікті болған жастар да бар. Яғни, олар шет елдерде оқығанда қосымша волонтерлықпен айналысқан», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек.

Оның айтуынша, елордалық волонтерлер түрлі салаларда адамдарға көмектеседі. Мәселен, өткен аптада еріктілер 5 мыңға жуық текше метр қар күреп шығарған.

Жалпы еріктілер 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. «Сабастастық» жобасы аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасайды. «Саулық» бағыты бойынша медициналық еріктілікті дамытып, науқастарға көмек көрсетеді. «Таза Әлем» жобасында – қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу және қоқысты сұрыптауға үйретеді.
«Асыл мұра» бағыты арқылы еріктілер халқымыздың материалдық және рухани мәдени-тарихи мұрасын сақтауға қатысады. «Қамқор» жобасы қарттар үйіндегі еріктілер жұмысына бағытталған. «Білім» жобасы ауылдық мектептердегі жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындалуға, ағылшын және компьютерлік сауаттылыққа үйретуді көздейді. Ал «Үміт» жобасындағы еріктілер қазақстандықтардың соғыстағы ерліктері туралы құжаттарды іздеуге көмектеседі.
«Нұр Сұлтан қаласында еріктілер штабын құрдық, оның құрамында 2 мыңға жуық волонтер бар. Біз үнемі «Астана жастары» қозғалысының айналасына еріктілерді жинаймыз және біріктіреміз», - деді Д.Кәрібек.


