Астаналық жас полицейлер алғашқы офицерлік атағын алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінде жас полиция қызметкерлері алғашқы офицерлік атаққа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жас полицейлерге офицерлік шендерді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы генерал-майор Ержан Саденов табыс етті.
Алғашқы офицерлік атақ алу - олардың әрқайсысы үшін ішкі істер органдарындағы қызметтерінің маңызды кезеңі.
Елордалық полицияның басшысы жас полицейлерді осы айтулы оқиғамен құттықтап, қызметіне табыс тілеп, олардың ішкі істер органдарының қызметкері атағын лайықты және абыроймен алып жүретініне сенім білдірді.
«Кез келген полицей үшін басты қасиеттер - ең алдымен, жоғары сана және өз міндетін орындау үшін жауапкершілік сезімі. Сіз Ішкі істер органдарына қызметке келіп, жауапты жұмысты таңдадыңыз, бұл жол сізден табандылық пен шыдамдылықты талап етеді», - деді Е.Саденов.
Тез тіл табысу, әдептілік, төзімділік, заңдарды жақсы білу, дене дайындығы – осының бәрі жас офицерлерге тән қасиеттер.
Есіл ауданы полиция басқармасының анықтау бөлімінде қызмет ететін Нағима Ибнажипова:
«Полиция қызметі оңай емес, мен құқық қорғау органдарында лайықты және нағыз патриот болуға уәде беремін», - деді салтанатты рәсімде.