Астаналық жастар Ғашықтар күнін атап өтті
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Астаналық жастар 15 сәуір - Ғашықтар күнін атап өтті.
Кеше кешқұрым, елорданың жоғары оқу орындарында білім алатын 2 мыңға жуық жас С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғимараты алдындағы алаңға жиналып, соңғы жылдары дәстүрге айнала бастаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін атап өтті. Мерекені ұйымдастырушы - С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ.
Университеттің баспасөз орталығының директоры Талғат Махановтың айтуынша, іс-шараны ұйымдастыруға ректор Ақылбек Күрішбаевтың Наурыз мейрамы кезінде айтылған: «Біздің ұлттық ойындарымыздың тәлім-тәрбиелік, философиялық, тағылымдық астары терең», -деген сөздері түрткі болған.
Оқу орнының әкімшілігі ұлттық ойындарымыздың астарлы мән-мағынасын жастарға түсіндіру және сезіндіру мақсатында, елордада алғашқылардың бірі болып көпшілікпен «Ақсүйекті» ойнауды қолға алды.
Университет алдына екі киіз үй құрылып, алтыбақан орнатылды. Қас қарайғанша жиналған қауым мерекелік бағдарламаны тамашалады. Күмбірлеген күйлер мен әсем әндер молынан шырқалып, Ақан серінің өмірі туралы театрландырылған көрініс қойылды. Студенттік шақтарында аталмыш университетте танысып, шаңырақ көтерген, кешегі - студенттер, бүгінгі - ұстаздар, ерлі-зайыпты жұптар өз өмір жолдарынан сыр шертіп, жастарға өнегелі әңгімелерін айтты.
Жалындаған жастарды мерекелерімен ректор Ақылбек Күрішбаев арнайы келіп құттықтады.
Кеш батқан соң, бір-біріне ғашық жастардың 35 жұбы университет алдындағы саябақта «Ақсүйек» ойнауға кірісті.
Мерекелік кешті түсірген бейнекамералардың жазбалары әрбір 15 минут сайын оқу орнының www.agun.kz сайтына орналастырылып отырды. Сондықтан, думанға қатыса алмағандар оны үйлерінде отырып көру мүмкіндігін алды.
Мереке соңы жастардың би кешіне ұласты.