Астаналық жастар хабы құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық жастар хабы құрылады. Бұл туралы бүгін елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңесте Астана қалалық қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз Жастар сарайында «Jastar Synergy» жастар хабын құру тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік. Бұл тарихи шешім деп те айтуға болады. Себебі мұны елордалық жастар баяғыдан-ақ армандап келген еді. Биыл сіздің қолдауымыз бен бұл арман шынайы жүзеге асырылады», - деді ол қала әкіміне қарата айтқан сөзінде.
Данияр Есиннің айтуынша, «Jastar Synergy» жастар хабы креативті жастар, стартаптар, фрилансерлер дәне цифрлық аудитория үшін көпбейінді кеңістікке айналады.
«Біз «Jastar Synergy» жастар хабын жұмыс істеуге, спортпен айналысуға демалуға қалалық қоғамдастықпен танысуға, бейімделуге, білім алуға арналған мәдени кеңістікке айналдыруды жоспарлап отырмыз. Онда «Астана жастары» ҚМУ, «Рухани жаңғыру» қалалық жобалық кеңсесі, Азаматтық бастамалар орталығы, «Жас сарбаз» қалалық әскери-патриоттық қоғамдастығы, елордалық баспасөз орталық және қаланың өзге де қоғамдастықтары орналасатын болады», - деді басқарма басшысы.