Астаналық «Жастар театрының» Алматыдағы гастрольдік сапары аяқталды
АЛМАТЫ. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астана қаласының "Жастар театры" кеше Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы екі күндік гастрольдік сапарын аяқтады.
Ол 2011 жылы 26-30 қыркүйек аралығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ұйымдастырылған XIX республикалық театр фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған «Меккеге қарай ұзақ жол» қойылымымен аяқталды. Қырғыз драматургі Сұлтан Раевтың бұл қойылымын қазақшаға аударып, сахналаған режиссер ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi Нұрқанат Жақыпбаев.
"2007 жылы құрылып, шымылдығын 5 шілдеде Ш.Айтматовтың «Шыңғысхан» спектаклімен ашқан бұл театрдың репертуарында қазіргі таңда 20 спектакль бар. Енді 18 желтоқсанда олардың қатары "Асауға тұсаумен" толықпақ. Бұл туындының да режиссері Нұрқанат Жақыпбаев, суретшісі Ерлан Тұяқов. Жастар театры болған соң классикалық қойылымдарды жаңаша сахналауға көп мән береміз", - дейді театрдың алғашқы директоры, Жастар сыйлығының лауреаты, актер Ғани Құлжанов. Оның айтуынша, жұртшылыққа біршама танымал болып қалған өнер ұжымының бұл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы екінші гастрольдік сапары болып отыр. Алты жылдың ішінде түрлі фестивальдерде 5 бірдей бас жүлдені олжалаған. Атап айтқанда,2008 жылдың қазан айында Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Халықаралық «АРТ ОРДО» театр фестивалінде Ш.Айтматовтың «Жан азабы» спектаклімен «Ең үздік спектакль» деп танылып, алғашқы бас жүлдені жеңіп алған. Ал 2009 жылдың сәуір-мамыр айларында 55 күн Алматы облысының 12 ауданы 36 елді мекенінде болып, өз өнерімен соңғы 10 жылдықта Қазақстан театр өмірінде болмаған гастрольдік рекордты жаңартты. 2010 жылы Қарағанды қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалінде Халық әртісі «Жамила Шашкина» атындағы сыйлықтың иегері атанды. Алматы қаласында өткен ІІІ Халықаралық Орталық Азия елдерінің театрлар фестиваліне қатысып, «Үздік режиссер» және «Үздік Шыңғысхан рөлі» атағына ие болды. 2012 жылдың 9-13 сәуір аралығында Түркіменстанның Ашхабад қаласына өткен "Жаңғыру дәуірі және театр өнері" халықаралық театрлар фестивалінен жүлделі оралған еді. Биыл 11-24 сәуірде Түркияда гастрольмен болып, Кония мемлекеттік театры ұйымдастырған 6-шы халықаралық «Мың тыныс бір дауыс» фестивалінде Д. Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» қойылымымен ұйымдастырушылардың арнайы марапатына ие болды.