Астаналық жұрт мәуліт мерекесін атап өтті
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада мәуліт мерекесіне орайластырылған кеште елордалық жамағат Алланы ұлықтап, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтты.
Конгресс холл сарайында өткен шара барысында сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаяны және өсиеттері жайында насихаттар айтылды. Пайғамбарға (с.ғ.с.) арналып арабша салауат оқылды. Тақырыпқа сай иләһи әндер шырқалып, тағылымды бейне материалдар көрсетілді.
«Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келген айын исі мұсылман мәуліт айы деп атап, пайғамбарымыз жайында, оның айтқан өсиеттерін, ғибратқа толы ғұмырын өскелең ұрпаққа насихаттап, Мұхаммедке салауат айту, оның үмметті болғанына мақтаныш тұтып, осындай діни кештерді өткізеді. Себебі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде кім менің есімімді еститін болса, маған салауат айтсын, сәлем жолдасын. Кім маған бір салауат айтатын болса, Алла Тағала оған он салауат айтады, он күнәсін кешіреді, оның дәрежесін көтереді», - дейді. Сондықтан исі мұсылман қауым осы айда көбірек салауат айтып, сәлем жолдайды», - деп атап көрсетті Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Сейітбек Смайыл «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.
«Балаларымызға оның мәні мен маңызын түсіндірейік. Мәуліт шарапатымен көңілдерімізді тазалап, Аллаға және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатымызды арттырайық. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шарифінде: "Сендердің ешқайсыларың мені ата-анасынан, бала-шағасынан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейінше, шын иман келтіре алмайсыңдар", - деген», - дейді С.Смайыл.