Астаналықтар 188 учаскені заңсыз қоқыс полигонына айналдырған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада жыл басынан қаланың 5 ауданында рұқсат етілмеген 188 қоқыс орны анықталды. Олардың басым бөлігі жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда сайтына сілтеме жасап.
Ғарыштан жасалған мониторинг нәтижесінде Есіл ауданында 72 бейберекет қоқыс алаңы табылды. Қазіргі уақытта олардың 20-сы жойылды, қалғандары бойынша жұмыстар аяқталу сатысында.Құрылыс компаниялары 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарды.
Экологиялық айлық пен коммуналдық сенбіліктерді қоса алғанда, биыл барлығы 24 500 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Нұра ауданында рұқсат етілмеген 45 орын анықталды. Онда 30 мың тоннадан астам қоқыс үйілген. Оның 13-і жойылды, 10 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды.
Рұқсат етілмеген полигондардан тұрмыстық қалдықтарды шығаруға 4 құрылыс компаниясы жұмылдырылған.

Жыл басынан Алматы ауданынан 9 350 тоннадан астам (1226 рейс) қоқыс шығарылды. «Қазақстан Ғарыш сапары» ғарыштан жасаған суреттер бойынша рұқсат етілмеген 39 қоқыс орны табылды. Оның 38-і жойылды.
Сарыарқа ауданында анықталған 24 орынның 20-сы тазартылып, 15 мың тонна қоқыс қала сыртына шығарылды.
Құрылыс қоқыстарын заңсыз шығару фактілерін болдырмау үшін экологиялық полиция жұмылдырылады.

Мәлім етілгендей, биыл абаттандыру және санитария нормаларын бұзуға қатысты 605 хаттама жасалды, 5,5 млн теңге сомасына айыппұл салынды.
«Қазақстан Ғарыш сапарының» суреттері бойынша Байқоңыр ауданында 22 орын анықталды, оның сегізі расталды. Бүгінде барлығы жойылды.
Қалада заңсыз полигондарды жою жұмысы жалғасып жатыр. Олардың арасында жаңа ошақтардың пайда болуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда.
