Астаналықтар батыс өңірінің асқақ әндері мен төкпе күйлерін тыңдады

Концерт екі бөлімнен тұрды. Әуелі күміс көмей әнші, танымал айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» эпостық дастанды жырлап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ол жырдың соңғы шумағын орындап болғанда, көрермендер арасынан сахнаға көтерілген әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева өзінің Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті екенін айта келіп: «Қатимолланың дауысын естіп отырып, Ғарифолла Құрманғалиев қайта тіріліп келгендей күй кештім. Сізге деген халықтың қошеметі айрықша. Елдің алғысына бөленіп, шырқай беріңіз!»- деді.
Одан кейін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері мен күйшілері өнер көрсетті.
Белгілі домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев елордалықтар алдында Құрманғазы, Сейтек, Динаның күйлерін шебер орындап берді. Республикалық байқаулардың лауреаттары Ақмарал Ахметова мен Күләш Қуанышқалиева Шәмші Қалдаяқовтың және батысқазақстандық сазгерлердің әндерін шырқады.
Қатимолла Бердіғалиевтің шәкірті Ернар Өмірәлі Мұхит Мерәліұлының Айдайын орындағанда, «Әп, бәрекелді!» деп қолдау көрсеткен астаналық көрермендер де бір желпініп қалды. Ернар осындай қошеметтен соң, Ақан серінің және Базар жыраудың термесін көпшілік назарына ұсынды.
Ал Қатимолла Бердіғалиев Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Ауылды аңсау» әнімен сахнаға қайта шыққанда, әнсүйер қауым ерекше ықылас білдірді.
Осы кеште жас әнші Еркін Өтегенов қазіргі сазгерлердің әндерін шырқады.