Астаналықтар «Бәйтеректің» астындағы үңгірді көру мүмкіндігіне ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күні қарсаңында неміс суретшісі Эдгар Мюллер «Бәйтерек» кешенінің бірнеше қабат жер астындағы үңгірінің бейнесін салып шықты.

Астаналықтар «Бәйтеректің» астындағы үңгірді көру мүмкіндігіне ие болды

3D фортматында салынған туынды астаналықтар мен қала қонақтарының назарын бірден өзіне аударды. Үңгір ішінен «замартас» (изумруд) асыл тасын көруге болады.

Эдгар Мюллер 1968 жылы Мюльхайм-на-Руре деген қалада дүниеге келіп, Германияның батысындағы Штрелен деген шағын қалада өскен. Жасынан сурет салумен айналысқан екен. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты. Оған 1998 жылы «көше суретінің шебері» деген атақ та берілген. Негізінен картиналарды 3D форматында асфальтқа салады, сол арқылы серуендеп жүрген адамдардың ерекше таңданыстарын тудырумен келеді. Ғаламтордан оның көптеген қалалардағы тек қана адамдар серуендеуге арналған көшелерге салған небір ғажап туындыларын көруге болады.

Осы күндері астаналықтар мен қала қонақтары Эдгар Мюллер салған картинаның тұсында суретке түсіп, ерекше таңғалғандарын білдіруде. Аталған сурет Нұржол желекжолы мен Орынбор көшесінің қиылысқан тұсында салынған.

Ғажап суретті алғаш көріп, фотоға түсірген журналист Жігер Байтілесов екенін айта кеткеніміз жөн.