Астаналықтар дәрігердің қабылдауына интернет арқылы жазыла алады

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, әкімдікпен арадағы меморандум негізінен амбулаториялық-емхана ұйымдарындағы кезектерді азайту мәселесін қарастырады. «Бұл аса маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, министрлікке, министрдің блогына тікелей келіп түсетін әрбір бесінші өтініш дәл осы дәрігердің қабылдауындағы кезектерге қатысты болып табылады. Осы мәселенің шешімін табу үшін, біріншіден, дәрігер қабылдауына электрондық жүйемен жазылуды және медициналық ұйымдарға электрондық кезек жүйесін енгізуді ұсынамыз. Бұл тетік өз кезегінде келушілерге нақ өзінің жазылған уақытында дәрігердің қабылдауында болуын қамтамасыз етеді. Ал медицина ұйымынан берілетін ақпарат телефон немесе электрондық пошта арқылы жүзеге асуы тиіс», - дейді министр Т.Дүйсенова.
Оның сөзіне қарағанда, бұндай жүйе бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде қолданыста бар. Сонымен қатар Зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығында да осы жүйесі толықтай жүзеге асып жатыр. «Ең бастысы, медициналық ұйымдар басшылығы диспансерлік есепте тұрған пациенттердің келіп қаралу кестесін реттеулері керек», - деді министр.