Астаналықтар еңбек мигранттарына мәскеуліктер сияқты қырын мінез көрсетпейді

Әлеуметтік-саяси зерттелер институтының әлеуметтік сұрау нәтижелері осындай болды.
Институт сарапшылары Астана қаласының 18 және одан жоғары жастағы 455 тұрғынынан олардың еңбек мигранттарына деген көзқарасын білмек үшін сауалнама жүргізді.
«Табыс үшін келгендердің Сіздердің қала үшін жағымды әсерін көре аласыз ба?» деген сауалға 33,3 пайызы еңбек мигранттары жергілікті тұрғындардың істегісі келмейтін жұмысты істейтіндіктерін айтқан. Сұралғандардың 40 пайызы өзге елден келгендер арзан жұмыс күші деп санайды, ал 27,3 пайызы - құрылыс секторын қамтамасыз етеді деп есептейді. Бір қызығы респонденттердің 15,2 пайызы мигранттар пәтерді жалға беретін жергілікті тұрғындарға пайда әкеледі деп айтқан.
Алайда еңбек мигранттарынан келетін жағымсыз тұстарын байқаған тұрғындар да бар. Елордалықтардың 1\4-і олардың шамадан тыс көп келуі қаладағы қылмыстық ахуалға кері әсерін тигізеді деген сенімде, тағы бір бөлігі мигранттардың өз еңбегі үшін аз еңбекақы талап етуі, Астанадағы орташа жалақы деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтыратындығына уәж айтып отыр. 24 пайызы жергілікті тұрғындардың екі қолына бір күрек табылмай қала ма деп үрейленеді. 22 пайызының мигранттармен істелініп жатқан жұмыстың сапасына көңілдері толмайды.
Осыған қарамастан 68,4 пайыз астаналық еңбек мигранттарына бейтарап көзқарас танытады екен. Ал 15,6 пайызы оларға оң көзқараспен қарап, тіпті оларға көмектесуге де даяр. 9,7 пайызы оларға теріс пікірде. Астаналықтардың дені еңбек мигранттары әлеуметтік қақтығыстарға себепші болады деп есептемейді (41,5 пайыз).