Астаналықтар ертең Ғашықтар күнін атап өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 сәуірде Қазақстанда Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні аталып өтіледі. Ұлттық мереке ғашықтар күнінің баламасы болып табылады және Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу, Еңлік пен Кебек, Төлеген мен Қыз Жібектің арасындағы шынайы махаббаттың символы. Биыл мереке аясында елордада бірқатар шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астаналықтар ертең Ғашықтар күнін атап өтеді

Бүгін сағат 20:00-де Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Тіл табысқандар» қойылымы көрсетілді.

Ертең сағат 11:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде театр және кино әртістерінің қатысуымен «Жұлдызды жұптармен жүздесу» атты кеші өтеді.

Сондай-ақ, сағат 19:00-де «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының «Атриум» залында үлкен мерекелік кеш ұйымдастырылмақ. Концертке Қазақстан эстрада әншілері қатысып, жас жұбайлардың некесі қиылады.

Сол күні сағат 21:00-де Ғашықтар саябағында әуе шарлары ұшырылады.

Бұдан басқа, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде «Ең үздік махаббат дастаны» тақырыбына түсірілген үздік бейнеролик пен Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күнінің логотипіне байқау жарияланды. Жеңімпаздардың есімдері ертең белгілі болады.