Астаналықтар Головкин-Альварес бокс кешін үлкен экран арқылы тамашалауда

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварестің жекпе-жегінен тікелей көрсетілім «Қазмедиа» орталығында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астаналықтар Головкин-Альварес бокс кешін үлкен экран арқылы тамашалауда

Таң ата жиналған GGG жанкүйелерлер тікелей көрсетілімді үлкен лед экран арқылы тамашалауда. Келушілердің көңіл-күйі көтеріңкі және қолдарында мемлекеттік ту бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Геннадий Головкиннің жекпе-жегін ашық көрсетілім арқылы тамашалауға шамамен 600 адам жиналған.

«Жекпе-жекті асыға күттім. Генаның жеңісіне сенімдімін, дегенмен қобалжу бар. Оның кәсібилігі мен деңгейіне ешкімнің күмәні жоқ. Бокс кешін тамашалауға достарыммен келдім. Геннадийдің барлық жекпе-жегін жібермей көреміз. Әдет бойынша келіп тұрмыз. Көрермендердің есінде қалатын бокс кеші болады деген ойдамын. Әрине, Генаға жеңіс тілеймін. Алға GGG, Қазақстан сенімен бірге!», - деді ашық көрсетілімді тамашалауға келген астаналық Сабыр Қадыржанов.

Еске салсақ, «GGG-Канело» трилогиясын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетіп жатыр.

Головкин-Альварес бокс кешінде тағы бір қазақстандық өнер көрсетеді. 27 жастағы Әли Ахмедов америкалық Габриэль Росадоны (26-15-1, 15КО) жеңді.

Головкин boxingnews24.com сайтындағы сұхбатында жанкүйерлер қаласа, Сауль Альвареспен төртінші жекпе-жекке шығуға әзір екенін мәлімдеген.