Астаналықтар көмірдің қай түрін көп сатып алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігі қала тұрғындары арасында қандай көмірге сұраныс жоғары екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізде Шұбаркөл көмірі көп жағылады. Дәл осы көмірге тұрғындар арасында сұраныс өте жоғары. Мұны біз көмірдің сатылымына жүргізілген сараптама арқылы білеміз. Ағымдағы жылдың маусымында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл қатты отын үш есе көп жеткізілген. Қазір уағдаластық бар, күн сайын Астанаға шамамен 20 тонна көмір жеткілізіп отырады», - деді Астана қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім бастығы Мақсат Ысмағұлов.
Сонымен қатар ол Астана әкімдігі басқа да кеніштердің көмірлерін елордаға жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
«ҚР Инвестициялар және даму министрлігі белсенді жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде Майкүбі кен орнынан көмір жеткізу көлемі 2 есеге ұлғайды. Сұраныстың жоғары болуына байланысты бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Қаражырамен де осындай жұмыстар жүргізудеміз. Дегенмен, бұл кеніш бізге жөнелтіп үлгере алмай жатыр. Ал жалпы бізде Шұбаркөл көмірі өте танымал. Оның бірнеше түрі бар, қаланың үш нүктесінде сатылады. Бұл көмірдің күлі аз, жақсы жанады. Қазір бәрі қойып жатқан арнайы пештерге жоғары сұрыпы жақсы келеді», - деді ол.
М.Ысмағұловтың айтуынша, көмір бағасы елордадан да жоғары өңірлер бар. Мәселен, Солтүстік Қазақстан аумағында қатты отынның тоннасы 17-20 мың теңгені құрайды.
Айта кетерлігі, Астана қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов елордада 20 тәулікке жететін отын қорының бар екендігін айтқан болатын, ал Мақсат Ысмағұлов көмір алыпсатарларымен күрес жүргізіліп жатқанын атап өткен.