Астаналықтар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сахналық бейнесі тұңғыш сомдалған спектакльді тамашалады

АНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше кешқұрым ҚР Президенттік мәдениет орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың сахналық бейнесі тұңғыш сомдалған «Бәйтерек» музыкалық спектаклі көрсетілді,

Астаналықтар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сахналық бейнесі тұңғыш сомдалған спектакльді тамашалады

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы негізінде дайындалған музыкалық-поэтикалық спектакльдің сценарийін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков жазған, режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы.

Музыкалық-поэтикалық қойылымның басты ерекшелігі - тәуелсіздігіміздің  символы, ел тілегін тоғыстырған елорданы Сарыарқаның төріне орнатудағы Елбасының тарихи шешімі мен ерлікке толы еңбегін, осы жолдағы Президенттің терең толғанысын, жан тебіренісін сахналық көркем тілмен бейнелеу. 

ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтың атап көрсеткеніндей, спектакль Қазақстанның тәуелсіздігіне, ел тағдырына арналған туынды. «Сөз жоқ бұл ұлы көшке арналған поэма, сол көштің алдында маңдайы жарқырап, халқын жетелеп келе жатқан Елбасы туралы поэма», - дейді ол.

«Актер болғаннан кейін барлық рөлдер үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бірақ солардың ішіндегі ең ірісі Елбасының рөлі. Ойдан шығарылған кейіпкерлердің, тарихтан алынған батырлар мен хандардың рөлін ойнау бір бөлек. Көз алдымызда жүрген патшаны сомдау ерекше жауапкершілікті талап етеді. Президенттің астананы ауыстыру туралы шешімін бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді. Мемлекет басшысының рөліне еніп, оның сол кездегі ішкі толғанысын сезінгеннен кейін Қазақстан енді ел болып, тәй-тәй басқан сәтінде Астананың ауыстырылуы Елбасына оңай соқпағанын түсіндім», - деді ҚР Президенті Н.Назарбаевтың рөлін сахналаған Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрдың әртісі Қуандық Қыстақбаев.

«Ұлттық дәстүрлер театрының» әншілері, бишілері мен фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өткен спектакльде сондай-ақ, Елбасының Астананы ауыстыруға қатысты алғашқы ойлары мен оны Парламенттің алдына ұсынуы, елорданың ресми ауыстырылуы мен оның бүгінгі гүлденген шағын бейнелейтін хроникалық бейне түсірілімдер назарға ұсынылды.

Спектакль Президенттік мәдениет орталығында ашылған «Елбасы және Елорда» атты көрменің шеңберінде қойылды.