Астаналықтар құрылтайға келген қандастарымызды қарсы алды
АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - 24-28 мамыр аралығында елордада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ІV құрылтайы өтеді.
Осыған орай, астаналықтар құрылтайға келген қандастарымызды Астана вокзалында қарсы алды. Бүгін 40 шақты шет елде тұратын қазақ диаспорасының 350-ден астам өкілі Сарыарқа топырағына табан тіреді.
Айта кетелік, 1992 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен Алматы қаласында тұңғыш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткен болатын. Әр бес жыл сайын бір рет шақырылатын құрылтай алыс-жақын шет елдегі қазақ диаспорасын біріктіріп, қазақтың тыныс-тіршілігімен тамырлас жатқан келелі мәселелерді талқылайды.
Ғалымдар, өнер майталмандары, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері мен жасөспірімдерден құралған арнайы делегацияны еліміздің Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Ораз, Оразкүл Асанғазықызы, Мұхамбедия Ахмет-Төре сынды танымал тұлғалардан құралған зиялы қауым өкілдері құшақ жая қарсы алып, ақ жаулықты әжелеріміз қандастарымыздың құрметіне "қадамдарын құтты қылсын" деген ниетпен қазақи дәстүрмен шашу шашты. Қаны мен жаны қазақ дүйім қазақ жұртшылығы жатырқаспай қауышып, сағыныш сарынды арнау айтылды.
«Қиындығы көп болса жол басының,
Тапты елім бірлікпен қолдасуын.
Соқтықпалы, соқпақсыз тар кезеңді
Жеңді ақыл-қайраты Елбасының.
Әр сөзімнен білінсе отты лебіз,
Жан-жүректің қалауын жеткіземіз.
Алла жар боп құрылтай сәтті өтсе,
Бір басылар сағыныш-несібеміз», - деп алыстан ат арытып келген қандастарымызға ақын Кәкімбек Салықов жүрекжарды жыр жолдарымен туған жердегі барлық қазақ бауырларының ілтипатын жеткізді.