Астаналықтар мектепке жабдықтарын 50 пайыз жеңілдікпен алуда
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың қалалық алаңында «Мектепке жол» акциясы аясында 40 кәсіпкердің қатысуымен мектеп жәрмеңкесі өтуде. Онда мектеп формасы, аяқ киімдер, кеңсе заттары, рюкзактар, оқулықтар мен басқа да мектеп жабдықтары сатылады.
Барлық өнімдер 10%-25%, балалар киімі 50% жеңілдікпен сатылуда.
«Бүгін Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларынан келген 40-тан астам кәсіпкердің қатысуымен мектеп жәрмеңкесі өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, халыққа заң консультацияларын беретін қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейді. Ал Оқушылар сарайы мен балалар үйінің оқушыларының қатысуымен концерт ұйымдастырылады», - деді astana.kz сайтына Балалар құқығын қорғау басқармасының бас маманы Салтанат Басығараева.
Жәрмеңке кезінде 4 қоғамдық тамақтану орны болады. Іс-шара сағат 10.00-17.00 дейін өтеді.
Астана қаласының тұрғындары жәрмеңкеге орай өз пікірлерімен бөлісті. «Мектеп оқушылары үшін осындай жеңілдіктер жасаған ұйымдастырушыларға көп-көп рахмет. Себебі, қазіргі заманда базарлардағы баға шарықтап тұр, әрине, онда бұған қарағанда қымбатырақ. Балаларын мектепке әлі жинап үлгермеген ата-аналар бүгін керегін ала алады. Жақсы әсерде қалдым, концерт те өтіп жатыр, адамдардың да көңіл-күйі жақсы», - деді astana.kz сайтына мектеп жәрмеңкесіне келген Назира Әбділдина.
Еске салайық, келесі мектеп жәрмеңкесі 30 тамызда өтеді.