Астаналықтар оnline режімде салықтық хабарламаны ала алады
АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша салық департаменті Қазақстан Республикасында алғаш рет оnline режімде жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтары бойынша хабарламаны басып шығару мүмкіндігін ұсынып отыр.
Бұл туралы astana.kz сайты жазады.
Енді хабарлама келіп түспеген елордалық салық төлеушілерге салық органына барудың қажеті жоқ. Салықтың көлемі туралы ақпаратты кез келген уақытта www.astananalog.kz Салық департаментінің сайтынан біліп, хабарламаны үйден шықпай-ақ басып шығаруға болады.
Бұл үшін «Жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтары бойынша хабарламаларды басып шығару» бөлімінің іздеу торына жеке мәліметтерді (ЖСН немесе аты, әкесінің аты, тегі) енгізу керек.
Департаменттің хабарлауынша, биыл жеке тұлғалар мүлік және жер салығын 2013 жылғы 1 қазанға дейін төлеуі тиіс. Салықты төлеу мерзімі өткен сайын әр күнге өсімақы есептелетін болады.