Астаналықтар өз қаласына фотокүлкісін тарту етеді
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Жастар саясаты мәселелері басқармасы елордада Халықаралық жастар күніне орай «Астанаға күлкі сыйла!» ауқымды акциясын ұйымдастырады, деп хабарлайды astana.kz сайты.
12 тамызда барша әлемде Халықаралық жастар күні атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылы 17 желтоқсанда Жастар істері жөніндегі министрлердің Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысымен бұл күнді мереке күні ретінде белгіледі. Халықаралық жастар күні 2000 жылы 12 тамызда алғаш рет атап өтілді.
Астаналық жастар да жыл сайын аталмыш мерекені тойлайды.
Биыл 12 тамызда Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Барша Қазақстанға 2000 күлкі сыйла» ұранымен «Астанаға күлкі сыйла!» жастар акциясын ұйымдастырады.
Іс-шараның мақсаты - қоғамда әлеуметтік белсенділік қалыптастыру және жастар мен жасөспірімдердің шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру. Іс-шара таңертең сағат 10.00 басталады. Ерікті студенттер елорда тұрғындарының жарқын күлкілерін суретке түсіреді.
«Акцияға еліне күлкі сыйлағысы келетін кез келген жастағы азамат қатыса алады. Осылайша, ол мемлекеттік саясатқа қолдау көрсетіп, туған елін Жастар күнімен құттықтайды. Басты міндет - сағат 10.00-12.00 аралығында барлық астаналықтар мен қала тұрғындарының 2 мың күлкісін жинау болып табылады», - дейді ұйымдастырушылар.
Акция сағат 17.00 «Ажар» СОО (Astana Mall) салтанатты концерттік бағдарламамен аяқталады. Ең жарқын күлкі иелеріне естелік сыйлықтар мен мақтау қағаздары табыс етіледі. Қазақ эстрадасының жас әншілері мен би топтары өз өнерлерін ортаға салады, «Күліңіз!» деп аталатын флешмоб акциясы, суреттер конкурсы және т.б. өтеді.