Астаналықтар Сергей Безруковтың «Шынайы ертегі» фильмін үлкен қошаметпен қарсы алды
ТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Сергей Безруковтың «Шынайы ертегі» фильмінің премьерасы сәтті өтті.
Фильмнің алғашқы көрсетілімі аяқталысымен залдағы көрермендер елордадағы премьераға арнайы келген ресейлік актерлік ұжымға қошаметпен қол соғып, өздерінің жылы ілтипаттарын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанда аталмыш кинокартинаны алғашқы болып астаналықтар тамашалады және елордалық тұрғындар кеше, 21 қазанда өткен фильмнің тұсаукесер көрсетілімінде туындының сюжеті мен пәлсапалық өзегіне лайықты бағасын берді.
Фильмде ертегі кейіпкерлері осы әлемге сапар шегіп, адамдардың бойынан мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін қайта оятуға тырысады.
Премьера алдында баспасөз мәслихатын өткізген Ресейдің Халық әртісі С. Безруковтың айтуынша, ол ертегі кейіпкерлерінің бүгінгі заман адамдарына деген реніштерін жеткізуге тырысқан. Себебі қазіргі уақытта балалар мен олардың ата-аналары аңыз кейіпкерлерін ұмыта бастаған. Олар қолдарына ертегі кітаптарын алып, оқымайды. Халықтық ертегілерін Голливудтың покемндары, джедайлары, хоббиттары алмастырған.
«Осылайша оқып, естіп өскен бұрынғы мейірімі мол ертегілерді, олардың кейіпкерлерін қайта алып келгім келді», - дейді ол. Ол үшін ажалы жоқ Кащей (Леонид Ярмольник) - патриот олигархқа, Дана Василиса (Ирина Безрукова) - мұғалімге, Орман перісі (Георгий Штиль) - қаңғыбасқа, Ақымақ Иван (Сергей Безруков) - әуе десантшы әскериге айналады.
«Фильмде өте салмақты тұстар кездеседі, кейде тіпті көрермендермен ойлы әрі байсалды сұхбат жүретін жерлері де бар. Бұл өте маңызды, себебі ертегі тек көңіл көтеруге арналмаған, халық ертегілерінің барлығы ойлануға, пәлсапасын ұғуға арналған. Кейін ол туралы балалармен әңгімелесіп, түсіндіру үшін шығарылған», - деп атап өтті С. Безруков.
Фильм 2 жыл бойы актердің жеке қаражатына түсірілді. «Шынайы ертегі» кинопрокатқа 3 қараша күні шығады.