Астаналықтар стендтік атудан ҚР Кубогының ІІІ кезеңінде жүлделі орындарға ие болды
АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада Стендтік атудан ҚР Кубогының ІІІ кезеңі және Ашық чемпионаты аяқталды.
Дүбірлі додада елордалық команда жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды astana.kz сайты қалалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыста Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының спортшылары бас қосты. Атап айтқанда, ардагерлер, ерлер мен әйелдер, 15 жастан жоғары жасөспірімдер.
Сынақ екі жаттығу бойынша өткізілді - дөңгелек стенд және компакт-спортинг.
«Командалық есепте дөңгелек стендте 309 ұпаймен Астана құрамасы топ жарды: Айк Авагян, Сергей Качанов және Абылай Амандықов. Павлодар облысының құрамасы 284 ұпаймен екінші орында, ОҚО 277 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді»,- деп хабарлады ведомстводан.
Компакт-спортинг стенд жаттығуында тұғырға Қостанай облысының спортшылары көтерілді - Виктор Скрикеля, Виктор Чернобровин және Владимир Кригер. Жасөспірімдер арасында Астана мене ОҚО спортшылары жүлделі орындарды өзара бөлісті. Астаналық В.Васянин үздік атанды, ал қыздар арасында О.Хайлова бас жүлдеге ие болды.
Командалық есепте Қостанай облысының Рудный-2 құрамасы бірінші орынды еншіледі. Екінші және үшінші орындарда сәйкесінше, Астана және Рудный-1 командалары.
Биыл ҚР Кубогы жарысының аясында компакт-спортингтен Астананың ашық чемпионаты өтті. Ардагерлер санатында (55-тен жоғары) Рудный қаласының өкілі Евгений Ваганов бірінші орын алды. Елордалық Олег Докучаев пен Рудный спортшысы Владимир Тарасенко екінші және үшінші орындарға тұрақтады.
ҚР Кубогының төртінші кезеңі қазан айында Алматыда өтеді.