Астаналықтар таңдаулы клиникада 3 мың еуроның қызметін тегін пайдалануға мүмкіндік алды
АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Республикалық диагностикалық орталықта «Тексеруден өт - аурудың алдын ал» атты қайырымдылық акциясы басталды.
Екі күнге жалғасатын шара барысында халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, мүгедектер, көп балалы аналар мен орталық қызметкерлері тегін диагностикалық тексеруден өтеді.
Орталықтың басқарма төрағасы Әмір Ахетовтің айтуынша, ақылы түрде толық медициналық диагностикалық тексеруден өтуге шамамен 2-3 мың еуро көлемінде ақша қажет. Ал Германияның клиникаларында мұндай қызмет түрі тіпті 20 мың еуродан асып жығылады екен.
Бұл шараны «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ жанындағы «Нұр Отан» ХДП филиалы ұйымдастырып отыр. Филиал төрағасының бірінші орынбасарыМәрия Өтебаеваның айтуынша, Ұлттық медициналық холдинг осы тәрізді игілікті істі жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған.
«Жыл сайын медициналық орталықтарда 4-5 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып тұрады. Жеңіс күніне орай, Холдинг 7 мамыр күні елордадағы ардагерлерге арнап арнайы шара жасауды жоспарлауда», дейді М. Өтебаева.
«РДО» АҚ - ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша құрылған медициналық кластер нысандарының бірі.
«Республикалық диагностикалық орталық» акционерлік қоғамы қазіргі заман талаптарына жауап беретін компьютерлік аппараттармен жабдықталған. Мұнда онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, жүйке ауруларын молекулалық деңгейде ерте бастан радиоизотоптық диагностикалауды жүзеге асыратын ядролық томография жұмыс істеуде. Мұндай жоғары техникалық қондырғының Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда баламасы жоқ. Оның ерекшелігі сол, ядролық медицина қуатын тиімді пайдалана отырып, адам мүшелері мен тініндегі көзге көрінбейтін клеткалардағы кінәраттарды молекулалық деңгейде еш қатесіз анықтайды.
Сонымен бірге, диагностикалық орталық құрамында терең ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ауқымды зертханалық қызмет саласы бар. Бұларда клиникалық микробиология және паразитология әдістері бойынша, жалпы клиникалық және гематологиялық әдістер бойынша, биохимиялық және иммунды-ферменттік әдістер бойынша зерттеу жүргізетін бөлімшелері және басқа озық технологияларды ғылыммен берік ұштастыра отырып, зерттеулер жүргізетін орталықтар жұмыс істейді.