Астаналықтар үшін электр энергиясының құны арзандады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада үстіміздегі жылдың 7 наурызынан бастап электр энергиясымен жабдықтау қызметтерінің бағасы арзандады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 20 ақпандағы N12-05/5394 хатына сәйкес, 2015 жылғы 1 ақпаннан бастап "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1"-інде электр энергиясы бағасының 8,65 теңге кВт/сағатқа дейін төмендегенін хабарлады. Бұрын электр энергиясының құны 8,80 теңге кВт/сағатты құраған болатын. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің баға сараптамасының нәтижесі бойынша 7 наурыздан бастап "Астанаэнергосбыт" ЖШС электр энергиясымен қамту қызметтерінің бағасын арзандатты. Осылайша, электр энергиясының орташа тарату тарифі ҚҚС қоса алғанда, 1 кВт/ сағат үшін 13,80 теңгені құрады. Бұл бұған дейінгі тарифке қарағанда 6 тиынға, яғни 0,43%-ға арзан. Бұл ретте электр энергиясының орташа тарату бағасы тұрғындар үшін орта есеппен 13 тиынға, яғни, 0,97%-ға төмендесе, басқа тұтынушылар үшін орта есеппен 5 тиынға, яғни 0,26%-ға арзандады.