16:33, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Астаналықтар ықпалды шаралардың нәтижесін көруді қалайды
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Астана қаласының құрылыс орындарында қалыпты жұмыс ырғағы сақталуда. Белгілі себептерге байланысты тұрғын үйлердің пайдалану мерзімін сақтай алмаған компаниялар мемлекеттің қаржылай көмегімен іске қайта кіріскен.
Бұған «Мисон», «Еңлік» құрылыс кешендеріндегі оң өзгерістер дәлел. Осы кешендерде болып, «Серік» және «Нұрлы өмір» акционерлік қоғамдарының қазіргі жағдайымен танысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутат, сондай-ақ елорданың іргесіндегі Заречный, Тельман және Пригородный селоларында болып, тұрғындарға Елбасының қаржы дағдарысын еңсеру жолында жүргізіп отырған экономикалық саясаты жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Алматы ауданының еңбек ардагерлерімен жүздесу кезінде орын алған қиындықтарға қарамастан, әлеуметтік салаға бөлінген бюджет қаржысының қысқартылмайтындығына, қайта оның кейбір жекелеген салада өскеніне ризашылық білдірілді. «Елбасының тапсырмасымен 10 мың студентке қосымша грант берілетіндігі қуантты, - деді ақсақалдар. ? Бәріміздің де білім алып жатқан немерелеріміз бар. Астана филармониясы мен ұлттық мұрағаттың қызметкерлері ипотекалық несиенің қайтарылу пайызы азайтылып, мерзімі ұзартылғаны дер кезінде жасалған маңызды қадам екенін атап көрсетті. Бұл көптеген отбасылардың тарықпауын қамтамасыз етеді. Ал «Шанхай» сауда рыногында отандық азық-түлік өнімдерінің бағасын арттырмау жайында нақты сөз болса, «Центркредит» банкінің жетекшілерімен әңгіме кезінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың маңызына мән берілді. «Вагон жөндеу» зауытында кәсіпорын басшыларымен жұмыс орнын сақтау жөнінде пікір алысу өтті.