Астаналықтар жазда рахаттанып демалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Есіл өзенінің бойындағы саябақ құрылысы толық аяқталмақ. Жобаға сәйкес, ол өзеннің қос жағасында - №19 көшеден Мирзоян көшесіне дейін орналасқан. Саябақ аумағы 190 га құрайды және осы сияқты ірі нысандардың бірі болып табылады.

Астаналықтар жазда рахаттанып демалады

Бұған дейін бұл жерлерде саяжай алабтары, ескі жылыжай кешендерінің бір бөлігі және дуал болған, енді ол қала тұрғындары демалатын орынға айналмақ. Қазіргі уақытта саяжайдың Есіл өзенінің сол жағалауындағы бөлігін салу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы astana.kz сайтына Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлады.

Биыл саябақтың оң жағалаудағы бөлігін абаттандыру көзделген. Кейбір жерлерге тақтатастар, асфальт төселеді, жалпы ұзындығы 62 мың метрді құрайтын суару су құбыры тартылады, қоршаулар, жарықтандыру құралдары орнатылады. Сонымен қатар, саябақты көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады. 6994 ағаш пен бұта отырғызылады, 383 мың шаршы м аумаққа гүлзар жасалып, 947 мың шаршы м жерге өсімдік егіледі.

Саябақ құрылысы және қалалық мәдениет және демалыс саябағын қайта құру жұмыстары елорда тұрғындары мен қонақтарына жазда рахаттанып демалуға мүмкіндік береді.