Астаналықтарды тұрғын үй мәселесі көбірек толғандырады

АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смаилов Астана қаласындағы бірнеше ұжымдар мен нысандарда кездесулер өткізді.

Астаналықтарды тұрғын үй мәселесі көбірек толғандырады

  

 Депутаттың кездесуі Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өткендіктен елордалықтар саяси-әлеуметтік мәселелерге қатысты әңгіме қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс депутаты №6 қалалық емхана, Өкпе ауруларына қарсы диспансер, №2 қалалық балалар ауруханасы, Мемлекеттік филормония ұжымдарымен жүздесті. Сондай-ақ балалар үйінде, «Астанателеком» орталығында болды. «ЦентрКредит» банкінің, «Тұрмыс» ЖШС-інің кеңселерінде болып, халыққа қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарымен танысты.

Депутат Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты, өткен сессияларда қандай заңдар қабылданғаны, Парламенттің қызметі жайлы әңгімелеп берді. «Нұр Отан» партиясының бағдарламасы, дағдарысқа қарсы мемлекетіміздің іске асырып жатқан шаралары туралы айтылды.

Кездесулерде сайлаушылар тұрғын үймен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдарламаның қалай жүзеге асып жатқаны жайлы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің пәтер алу мәселесі туралы сұрақтар қойды. Әсіресе, жас отбасыларға жасалатын жеңілдіктерді білгісі келетін мамандар аз болған жоқ. «Мен өз жауабымда мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу мүмкіндігіне ие болған жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері өтініштері арнайы комиссияда қаралатынын айттым. Менің білуімше, Астанада биыл аталған бағдарлама бойынша үш мың пәтер бөлінбекші. Тұрғындардан 20 мың өтініш түскен екен. Пәтерге ие болатын үміткерлердің тізімі жақында шығуы керек. Елордалықтар осы тізімді асыға күтіп отыр»,- деді Мәжіліс депутаты Бауыржан Смаилов.

Сол секілді депутат «Қазақстан» спорт кешенінде кездесу өткізді. Бұл спорт сарайында 150 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Жылдық шығыны 140 млн теңгені құрайды. Спорт кешені халыққа қызмет көрсету арқылы осы шығынды өздері өтеп отыр. Қазір Астананың «Барыс» хоккей клубы жаңа маусымға дайындық жасап жатыр. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстанда хоккей жедел қарқынмен дамып келеді. 2011 жылғы Азия ойындарында осы спорт кешенінде хоккей турнирі өтеді деген жоспар бар. Ұжым басшылығы депутатқа ТМД елдері бойынша мұзы жоғары сапалы спорт кешені осы «Қазақстан» екенін айтып берді.

«Қайрат» футбол клубы
Ұқсас жаңалықтар

ҚПЛ: «Қайрат» турнир кестесінде көш басына шықты