Астаналықтардың тұрғын үй тұрғысындағы мәселелері жыл сайын артып келеді - елордалық прокуратура

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астаналықтардың тұрғын үй тұрғысындағы мәселелері жыл сайын артып келеді.

Астаналықтардың тұрғын үй тұрғысындағы мәселелері жыл сайын артып келеді - елордалық прокуратура

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның елордалық филиалында азаматтарды қабылдаудың «ашық есік» күндері  шарасы барысында Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Жылқыбаев айтты.

«Бізде прокуратура органдарына 8 айдың ішінде 11 мыңнан астам өтінімдер келіп түсті. Оның ішінде 8 мыңын прокуратураның өзі қарастырды, ал қалған 3 мыңы басқа ведомстволарға бағытталды. Аталған өтінімдердің жалпы көлемінің негізі, яғни 49 пайызы тергеу-жауап алу желісіне қатысты»,-деді ол. Әсіресе, бұл қылмыстық істегі әурешілік бойынша, істің тергелуі барысындағы жәбірленушілер мәселесі, сот шешімімен келіспеу тұрғысында қамтылған.

«Сонымен қатар екінші бөлім сот шешімінің орындалмауына байланысты. Яғни, оның ішінде негізгі көлемін алимент төлеу мәселесі алып отыр. Атап айтқанда, алимент ол ұдайы туындап отыратын мәселе. Себебі ол орындалғанымен, кейіннен қайта қордалана бастайды»,-деді А. Жылқыбаев.

Бұдан бөлек, азаматтар шағымданатын мәселе - ол елордадағы тұрғын үй тұрғысында. Онда жекешелендіру, баспана кезегін қалпына келтіру, сондай-ақ жер телімі бойынша мәселелер қамтылған.

Оның сөзіне қарағанда, тұрғын үй мәселесі уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда  астаналықтардың проблемалары негізі баспана аясында болып тұрғанын, оның ішінде үлескерлерге қатысты екенін айтып өтті. «Бұл мәселелер қазіргі кезде шешімін тауып жатқанымен, өткен жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысына байланысты кезінде осы тұрғыда проблемалар болған еді»,-деп түйіндеді Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары.